Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидалары

Астана қаласы мәслихатының

2016 жылғы «___» _____________

№ _________ шешімімен

бекітілген

Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану

қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Осы Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағида) 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексі 39-бабының 1-2) тармақшасына және «Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығына сәйкес әзірленіп, Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекаралары аумағында орналасқан су объектілерінде ортақ су пайдалану тәртібін анықтайды.

2. Қағидада қолданылатын негізгі ұғымдар:

1) жер үсті су объектілері – шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанында сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы;

2) ортақ су пайдалану – халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектiлерiн жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп бермей және судың жай-күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай су пайдалану;

3) өзендерге теңестірілген каналдар – суды бір бассейннен екіншісіне, сондай-ақ бір өзен жүйесінен екіншісіне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар;

4) санитарлық қорғау аймағы – су сапасы нашарлауының алдын алу үшін сумен жабдықтау көзін (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатында белгіленген режим сақталуға тиіс сумен жабдықтау көзі мен су құбыры құрылыстарының төңірегінде арнайы бөлінетін аумақ;

5) су бұру – сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы;

6) су қорғау аймағы – судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметтің арнайы режимі белгіленетін су объектілеріне және су шаруашылығы құрылыстарына іргелес аумақ;

7) су объектілерін қорғау – су объектілерін сақтауға, қалпына келтіруге және ұдайы молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған қызмет;

8) су объектілерін пайдалану – жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін су объектілерінің пайдалы табиғи қасиеттерін алу;

9) су объектісінің бассейні – гидравликалық жағынан байланысты су айдындары мен ағын сулардың су жинау алаңдарын қамтитын аумақ;

10) су пайдалану – жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;

11) су пайдаланушы – өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;

12) су режимі – су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі;

13) су тұтынушы – су объектілерінен су тұтынушы немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерін пайдаланушы және сумен жабдықтау жүйелерінен су алушы жеке немесе заңды тұлға;

14) сулар – су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығы;

15) сумен жабдықтау – суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;

16) су ресурсін пайдалану, реттеу және қорғау саласындағы уәкілетті орган – Астана қаласының аумағында су қорын пайдалану және қорғау саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

17) рекреациялық мақсат – бақтарды, орманды бақтарды, саябақтар мен гүлбақтарды, хайуанаттар бақтарын, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктерді, ландшафтық сәулет объектiлерiн, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтитын халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыру.

2. Ортақ су пайдалану

3. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берілмей және судың жай-күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

4. Ортақ су пайдалануға:

1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;

2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;

3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;

4) мал суару үшін;

5) техникалық құралдарды қолданбай жер үсті көздерінен су алу кезінде су объектілерін пайдалану жатады.

5. Ортақ су пайдалану ортақ су пайдалану объектілерімен қатар ортақ су пайдалануға жатпайтын су объектілерінде жүзеге асырылуы мүмкін және арнайы рұқсаттың болуын қажет етпейді.

6. Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.

7. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:

1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;

2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;

3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;

4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитариялық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.

8. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:

1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;

2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;

3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;

4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;

5) аумақта жанар-жағар май материалдарын сақтауға;

6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;

7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауысыз тастауға жол берілмейді.

9. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуі немесе оған тыйым салынуы мүмкін.

10. Халықты орталықтандырылмаған ауызсумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезінде судың жай-күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құралдар пайдаланбай, жер үсті көздерінен су алу кезінде су объектілерін пайдаланудың шаруашылық-ауыз су алу мақсаттарын қанағаттандыру үшін техникалық құрылғылар қолданылмай, жалпы осы су объектілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органның оң қорытындысы бар болған жағдайда жүзеге асырылады.

11. Көліктік бақылау саласындағы инспекциямен келісілген, жолаушылар көлігі саласындағы уәкілетті органының ұсынысы бойынша Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі Есіл өзені мен арналар бассейніндегі кеме қатынасы жолдарына жол жұмыстарын жүргізуді Астана қаласы әкімдігі қамтамасыз етеді.

12. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлерді экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.

13. Жағажайлардың, демалыс аймақтарының аумағын тазалау, жыл сайын таза құм төгу, құмның үстiңгi бетін механикалық қопсыту, жиналған қалдықтарды жою жұмыстарын меншік иелері, жалға алушылар және ол аумақтар бекiтiлiп берілген (жалға алған) тұлғалар атқарады.

14. Жағажай аумағы шешiнетiн орындармен және қоғамдық әжетханалармен жабдықталады. Жағажайдың техникалық персоналы жағажай жабылғаннан кейін жағалауда, шешiнетiн орында, әжетханада, көгалда негiзгi тазалау жұмыстарын жүргізіп, астауларды тазалап, әжетханаларды залалсыздандырады.

15. Жағажайдың порттарға, шлюздерге, гидроэлектростанцияларға, ағынды суды жіберетін орындарға, малдардың тұрағына және суарылатын жеріне және басқа да ластау көздеріне жақын орналасуына жол берілмейді немесе олар жоғарыда көрсетілген ластау көздерінен кемінде 500 метр ара қашықтықта жоғары орналасуы тиіс:

1) жағажайларды шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғау аумағының бірінші белдігінің шекарасында орналастыруға жол берілмейді;

2) жағажайдың аумағын таңдаған кезде қолайсыз және қауіпті табиғи факторлардың мүмкіндігін болдырмау қажет. Жағалау шөккен, жарсыз және шұңқырсыз болуы тиіс. Саз балшықты учаскелерге жағажай құруға жол берілмейді;

3) шомылатын жерлерде су айдынының температурасы төмен жер асты суларының шығатын көздері, айқындалған және жылдам су иірімдері, шұңқырлар және үлкен толқындар болмауы тиіс;

4) судың ағу жылдамдығы 0,5 метр секундқа аспауы тиіс. Су айдынының түбі құмды болуы тиіс, балдырлардан, бұтақтардан, үшкір тастардан таза болуы тиіс. Судың шомылатын жерінің тереңдігі 1,3 метрден аспауы тиіс;

5) жағажайдың ең кіші алаңы бір орынға 4 шаршы метр болуы тиіс.

16. Су айдынындағы демалу орындарын жабдықтау уәкілетті органмен бекітілген Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес жүргізілуі тиіс.

17. Су айдынындағы суды шомылатын кезеңнің басында жыл сайын кемінде екі рет химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша химиялық-микробиологиялық тексеруден өткізу қажет. Шомылу кезеңінде су айдынындағы су айына кемінде екі рет химиялық-микробиологиялық тексеруден өткізіледі (сынама кемінде екі жерден алынады). Су шомылу аймағынан бір километр жоғары ара қашықтықтағы ағыннан және шомылу аймағының екі жағынан 0,1-1,0 километр ара қашықтықтағы судан, сондай-ақ шомылу аймағының шекарасында алынады.

18. Суат алаңдарын анықтау және оларды жайғастыруды Астана қаласының ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның келісімімен аудан әкімдерінің аппараттары жүргізеді.

19. Су объектiлерiн ортақ су пайдалану тәртiбiнде мал суару үшін пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан, сонымен қатар көпшілік демалу орындарынан, мәдени-тұрмыстық, рекреациялық және спорттық мақсаттағы жерлерден тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда рұқсат етіледі.

20. Кіші кеме және басқа да жүзу құралдарына жүзуге тыйым салынған орындар уәкілетті органмен бекітілген Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтауға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларымен белгіленеді.

21. Су пайдаланушылар су қорғау іс-шараларын белгіленген нормативтерден асатын зиянды заттардың ағызылуына, жер үсті сулары су жинау алаңының ластануына, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органының шешімінсіз ауыз су сапасындағы суды өндірістік және басқа мұқтаждарға пайдалануға жол бермей жүзеге асырады.

22. Су шаруашылығы құрылыстарының меншік иелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың техникалық жай-күйінің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікте болады.

23. Суда азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, су объектілері иелерінің, су пайдаланушылар мен ұйымдардың (меншік нысанына қарамастан) міндеттері мен жауапкершіліктері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен анықталады.

3. Ерекше жағдайдағы ортақ су пайдалану

24. Мемлекеттің қауіпсіздігі және еліміздің қорғанысын, халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны және тарихи-мәдени мұраларды, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес басқа тұлғалардың заңды және құқықтық мүдделерін қорғау мақсатында жеке су объектілері мен олардың бөліктері пайдалануға шектелуі, тоқтатылуы және тыйым салынуы мүмкін. Су объектілерін ауыл шаруашылығы мұқтажына пайдалану жалпы және арнайы су пайдалану тәртібімен Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

25. Оқшаулау немесе бірлесе пайдалануға берілген су айдындарында осы Қағидамен белгіленген ортақ су пайдаланудың талаптары ескеріледі.

26. Ортақ су пайдалануға шарттар немесе тыйым салуды белгілеу үшін оқшаулау немесе бірлесе су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы Астана қаласының мәслихатына ортақ су пайдалану шарттарын белгілеу немесе тыйым салу қажеттілігін негіздейтін ұсыныс енгізеді.

27. Астана қаласының мәслихаты кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.

28. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.

29. Су пайдаланушы астананың жергілікті өкілді органдарынан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салынатыны және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.

30. Астана қаласының мәслихаты кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында, су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында Астана қаласының аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтын жерлерді айқындайды.

31. Су пайдалану құқығын шектеу халықтың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждары үшін су ресурстарын пайдалану жағдайын нашарлатпауға тиіс.

32. Су объектілерін және су шаруашылығы құрылыстарын санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау үшін ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен жолдарын белгілейді.

33. Ортақ су пайдалануға тыйым салу немесе оны шектеу жөніндегі ақпараттық белгілерді орнату бойынша шығындарды осы су объектілері оларға жеке немесе бірлесіп пайдалануға берілген жеке және заңды тұлғалар өткереді.

34. Бекітілмеген су объектілеріне Қағиданы бұзғаны үшін айыппұлдар мөлшерлері туралы ескертуімен тыйым салатын белгілер, плакаттарды орнату Астана қаласы аудан әкімдерінің аппараттары қамтамасыз етіледі.

35. Уәкілетті органмен бекітілген Балық аулау қағидаларын сақтаумен, орталықтандырылған шаруашылық-ауыз суды қамтамасыз ету ретінде пайдаланылатын бірінші санаттағы су айдындарын, су алуды қорғау аумақтарын, қорықтарды, балық питомниктерін, тоғандар мен басқа да мәдени тауарлық балық шаруашылықтарын қоспағанда, балықшыға бір шыққанда бес килограммға дейін әуесқой және спорттық балық аулау, басқа су жануарлары мен өсімдіктерін кез-келген су айдындарында жеке қажеттігіне олжа етуге барлық азаматтарға ақысыз рұқсат етіледі.

36. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Астана қаласының жер үсті су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берілген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.

37. Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Кодекстің  105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

38. Қауіпсіздік және кеме қатынасы, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, жүктерді сақтау мақсатында жүзеге асырылатын кеме қозғалыстарын шектеу немесе тыйым салу «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі.

39. Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекараларындағы су объектілерінде арнайы бөлінген жерлерден тыс орындарда кемелердің тоқтауына тыйым салынады.

40. Су объектілеріне, жағалауға және жағалауға жақын су айдыны аумақтарына сұйық (оның ішінде мұнай өнімдері) мен қатты қалдықтарды тастауға, сондай-ақ кемелерден ағынды ағызуға жол берілмейді.

41. Кемелерді пайдалану кезінде қалыптасатын мұнай өнімдерін, қатты қалдықтар мен қоқыстарды жинау және бейтараптандыру, ағынды суларды ағызу Қазақстан Республикасының экологиялық заңдары мен санитарлық ережелері мен нормаларының талаптарына сәйкес тұрақ орындарында жүзеге асырылады.

42. Астана қаласының мәслихаты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салу және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етеді.

43. Астананың жергілікті атқарушы органдары Астана қаласының аумағында орналасқан су объектiлерiнiң, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі туралы халықты хабардар етуді жүзеге асырады.

44. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, Астана қаласы мәслихатының шешімінде өзгеше белгіленбесе, Кодекстің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды.

4. Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалануды бақылау

45. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Қағиданың сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау, көліктік бақылау, санитарлық қадағалау және өз құзыреті шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы органдар жүзеге асырады.

46. Астана қаласының су объектілерінде ортақ су пайдалануды бақылауды мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының комиссиялық тексерулері мен зерттеулерін жүргізген кезде, үйлестіруді су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.

47. Су пайдаланушылар жер үсті су қорларын өздігінен ластағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

_____________________________